2018-12-10 02:16 pm

Малшының да мұңы бар, еститін құлақ болса егер... Нийтлэл

Жер жаһанды сарыға бояп сарғайған сағынышымен сары алтын байлығын төгіп, қамбаны дәнге толтырған, сары күз де өте шығып қылышын сүйретіп қыс та келіп жетті. Сары күз табиғат ананың жер бетін молшылыққа толтыратын, қамбадағы дән мен бақшадағы өсімдік өз жемісін беретін байлыққа толы мезгіл. Осы мезгілде барлық жер бетіндегі тіршілік иесі қыстың қамын  жасап, өзіндік азық-түлік қорын жинайды. Еліміз экономикасының басты тірегі, бірден бір тіршілік көзі мал шаруашылығы болғандықтан  малшы қауым бізде малдың жем шөбін дайындау, малды соны жерлерге отарға шығарып қондыруға жұмыстарын тыңғылықты атқардық.  Биылғы қыс өткен жылдардан да суық әрі қары мол түсуі мүмкін екендігі ауа райын болжау орындарынан мәлімдеуде. Сондықтан қолда бар малды қыстан аман алып шығу жағын әрбір малшы қауым қарастыруда. Мен Бұғыты сұмын 4-бағында тұратын сондай малшы қауым өкілдерінің бірімін. Малды қыстан қоңды шығарудың бірден-бір жолы ол жайылымды тиімді  пайдалану екендігі баршаға мәлім. Бірақ ауыл мол шоғырланған Бұғыты сұмынының Хатуу бағында жайылым жеткіліксіз. Оның үстіне малымызды қыстататын қыстау үстіне қырмаға арналып сатып алынған мыңға жуық ешкі жайылып жайылымды құртуда. Ал ешкі түлігінің түбіті мен терісі, еті мен сүті аса пайдалы қаржы көзі болғанымен жайылымға тигізер зиянын мал шаруашылық мамандары әлдеқашан дәлелдеп қойған. Сұмынымызға еш қатысы жоқ бизнесмендердің қырмаға арналған малы ауыл үйдің қорасының үстіне жайылуы қаншалықты әділетті. Бұл мәселені сұмын, бақ басшылығына қанша рет қойғанымызбен ешбір тұщымды ала алмай дел-сал күйге түсудеміз. Оның үстіне табиғат ананың тигізер боран, ақ қар, сары аязымен қоса малдың жұқпалы ауруы шығып малшы қауымды тұралатып та жатады. Ал біздің қыстау үстіне жайылымға шыққан  қырма малы әр өлкеден жиналған. Күні ертең малдың жұқпалы ауруы тарап, ол біздің қолымыздағы азғана малымызға тарамасына кім кепілдік бере алады. Сондықтан шешімін таппай отырған бұл мәселемізді радио толқыны арқылы жеткізуді жөн көрдім. Еститін құлақ болса малшы қауым өкілдерінде де  шешімін таба алмай отырған мәселе көп екенін айта кету ләзім.

Бұғыты сұмын 4-бақ азаматы Есет Ахетұлы

 



Сэтгэгдэл үлдээх:

no comment


Илгээх